Дата: 14 мая, 2021 Раздел: Колледж жаңалықтары Комментарий: 0

Қ Ұ Т Т Ы Қ Т А Й М Ы З ! Ұлағатты ұстаз, жоғары санатты педагог, көрнекті өнер иесі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде 42 жылдан астам қызмет еткен еңбек ардагері Әуесбай Бақбергенұлы 70 жасқа толды. Мерейтойға орай колледжде «Өнермен өрілген өнегелі өмір» ғылыми-практикалық дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараны колледж директоры Айдархан Дүкенбайұлы құттықтау сөзімен ашып, саналы ғұмырын өнер мен білімге арнаған мерейгер иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен бірге, Әуесбай Бақбергенұлына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі куәлігін салтанатты жағдайда табыс етті. Кездесуде Әуесбай Бақбергенұлымен өмір жолында қызметтес болған әріптестері ғибратты естеліктерімен бөлісті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов, Білім беру ісінің үздігі Асылбек Жанғарин, ардагер ұстаздар Серік Қалмағамбетов, Әлия Мұқанқызы мерейтой иесінің өнегесі туралы сыр шертті. Әуесбай Бақбергенұлы 47 жылдық ұстаздық еңбек өтілі бар жоғары санатты педагог. Білім және өнер саласына қалтқысыз қызметі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Құрмет грамотасымен, Ы.Алтынсарин, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.Әуесбай Бақбергенұлы 1951 жылы 25 сәуір Жамбыл облысы, Сұлутөр ауылында туған. Өскемен педагогикалық институтының «Музыка және ән мұғалімі» мамандығы бойынша 1973 жылы бітірген жас маман еңбек жолын Жамбыл қаласындағы Жамбыл орта мектебінде бастады. Бұдан соң, 1974-75 жылы Ақтөбеде әскери борышын өтеді. Әскер қатарында үрмелі аспаптар оркестрінде кларнет аспабында ойнады. 1975-78 жж. еңбек жолын Жамбыл орта мектебінде жалғастырды. 1978 жылдың 20 қаңтарынан Абай атындағы педагогикалық училищеде (қазіргі гуманитарлық колледж) музыка пәнінің оқытушысы ретінде жұмысқа тұрды. Училищеде қызмет ете жүріп 1978 жылы Жамбыл облыстық «Алатау» ән-би ансамблінің бишілер тобына сүйемелдеуші баянист болып қосымша жұмысқа шақырылды. 1982 ж. ол Жамбыл облысы Красногор ауданының (қазіргі Қордай ауд.) мәдениет бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Әуесбай Бақбергенұлы аудандық мәдениет саласына жетекшілік ете жүріп, 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай «Ой жайлау» фольклорлық ансамбль құрды. Ансамбльге өзі жетекшілік етіп, әрі баян аспабында өнер көрсетті. 3 жылдай Красногор ауданының мәдениет саласына табысты жетекшілік етті. 1985 жылы Абай атындағы педагогикалық училищеде (қазіргі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі) қызметін жалғастырды. Содан бері іргелі оқу ордасында 40 жылдан аса табан аудармастан еңбек еткен Әуесбай Бақбергенұлы оқытушы, кафедра меңгерушісі ретінде қала, облыс, республика деңгейіндегі іргелі педагогикалық жұмыстардың бастамашысы, новаторы, әрі жетекшісі ретінде үздік қырынан танылып келді. Өнер саласында облыстық, қалалық, қала берді республикалық жүздеген мәдени іс-шараның белсенді ұйымдастырушысы болды. Музыка пәнінен педагог мамандарды дайындауда сабақтың тиімділігін арттырудың түрлі заманауи әдіс-тәсілдерін пайдаланды. Білімгерлердің озық шығармашылық бастамаларын жан-жақты қолдаумен қатар, олардың кәсіби шеберліктерін шыңдауға бағыт-бағдар берді. Әдістемелік жұмыстың бір қыры – ұстаздың өз шәкірттерімен әр жылы шығармашылық концерт беруді дәстүрге айналдыруы. Бұл бағытта облыста өтетін «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» фестивалінің, «Жүрекке жылы әуендер» ретро әуендер байқауының белсенді ұйымдастырушысы ретінде шәкірттерімен бірлесе өнер көрсетті. «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйіне «Ризашылық», «Қамқоршы күн» мерекелеріне жыл сайын білімгерлермен концерттік бағдарламалар берді. Әуесбай Бақбергенұлы облыс аумағында Наурыз мейрамдары, «Жүрекке жылы әуендер», «Сағындырған әндер-ай» ретро фестивальдарға, «Сағындым Кенен атамды», «Қазақ музыкасының шежіресі» конкурстарын ұйымдастырып, өнер көрсетті.Әуесбай Бақбергенұлы оқытушылардың ғылыми-практикалық конференцияларында «Қабылдауды дамытудың негізі – музыка мәдениетіне тәрбиелеу», «Жас сырнайшыны алғашқы сүйемелдеу дағдысына оқытудың әдістемесі», «Алғашқы сүйемелдеуге үйрету», «Дина Нүрпейісованың шығармашылығы мен өнерін музыка сабақтарына пайдалану», «Затаевич: «Қазақ халқының 1000 әні» ғылыми конференцияларын ұйымдастырып, талай рет ғылыми баяндамалар жасады. Әуесбай Бақбергенұлының жетекшілігімен «Қазақ халқының аспаптық музыкасының жастарға беретін ұлттық тәрбиелік мәні» әдістемелік нұсқау, «Мектеп балаларын шығармашылық өнерге баулу» әдістемелік құрал жазылды. 47 жылдық тағылымды ұстаздық жолында Әуесбай Бақбергенұлы музыкалық білім беру саласында педагогикалық мектеп қалыптастырып, есімі қала, облыс, республика көлеміне танымал өнер саласындағы бірнеше шәкірт шоғырын дайындады. Солардың арасында Тахмина Әшімбекова, Оңал Азаматова, Мөлдір Орынтаева сынды есімі облыс, республика деңгейінде белгілі шәкірттерінің шоқтығы биік.

Ссылка на материал: https://abaicollege.kz/2021/05/14/%d3%a9nermen-%d3%a9rilgen-%d3%a9negeli-%d3%a9mir-%d2%93ylymi-praktikaly%d2%9b-d%d3%a9%d2%a3gelek-%d2%afstel/trackback/

Leave reply:

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *